Астана тұрғыны инва-жуғыш ойлап тапты

Астананың паралимпиадалық жаттықтыру орталығында «Инвасервис» өзіне өзі қызмет ету» бұрышы ашылды, ол орындық-арбамен қимылдайтын адамдарға лайықталған, яғни мүгедектерге арбасының доңғалағын өздері тазалауына мүмкіндік береді. Бұл  құрылғының авторы - ҚР арбада отырып билеуден ұлттық құрамның мүшесі Ардақ Оторбаев.


«Мен жүре келе мүгедек болдым. 2006 жылы жол апатына түсіп, омыртқадан жарақат алдым. Дәрігерлер өмірімді әрең сақтап қалып, осылайша арбаға таңылдым. Қаланың ауа райы мені біраз әуреге салды. Әрбір сыртқа шығып серуендеп келген сайын арбаның дөңгелектерін балшықтан тазартып отыратынмын. Щеткамен тазалап, жуып, қайтадан кептіресің, былайша қиын. Мен арбаның артқы доңғалағын көп күш жұмсамастан тазалайтын қандай құрылғы жасасам екен деп ұзақ ойландым. Дәл сол кезде Паралимпиадалық комитеттің директоры да маған өзгеше бірнәрсе ойлап табуымды өтінді», – деді Ардақ Оторбаев.


Алайда оның айтуынша жобаны іске асыру оңайға соқпаған. Себебі, көз алдында ешқандай мысал жоқ, бәрін де қателесіп, талпынып көру арқылы жасап шықты. Мұнда ол тек пилотты құрылғыны ғана емес, оны орнатып іске қосуы керек болды. «Бәрін жасап болған соң өзім тексеріп көріп, оны қалай пайдалану керектігін көрсеттім. Қазір адамдар оны жиі пайдаланып жатыр. Бұған қатты қуанамын», – деді жоба авторы өзінің әсерімен бөлісіп. 


«Инвасервис» өзіне өзі қызмет ету» құрылғысы еш жерде жоқ. Бұл ең бірінші ойлап табылған отандық құрылғы. Қазір автор өзінің құрылғысын патенттеп қою мәселесімен жүр. Оған сұраныс та бар көрінеді. «Бүгінде адамдар көп жиналатын Халыққа қызмет көрсету орталығы, медициналық мекемелерге мүгедек арбасында отырғандар жиі барады, сондықтан ол жерлерге де құрылғыны орнатудың қажеттілігі туындап отыр», – деп түсіндірді ол.


Жоба авторының ұраны – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша пайдасын тигізу, олардың қалада еркін жүріп-тұрып, күнделікті тұрмыстық мәселелерін сырттан көмек күтпестен өздері шеше алу. Сол себепті, Ардақ тағы бір құрал-жабдық ойлап тапты, ол кәдімгі автоны қолмен басқаруға мүмкіндік беру.   «Мұнымен тек Астана емес Қазақстан бойынша ешкім айналысып жатқан жоқ. Бұл өте маңызды жұмыс. Бұл бізге көлікті жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 10 көлікті қайта жабдықтадым. Оған қоса, бір жігітке бұрын ешқандай тәжірибесі болмаса да көлік жүргізуді үйреттім», – деді А. Оторбаев. Ол іске асырған тағы бір жоба – «DOS» тұңғыш қазақстандық бренд арба-орындығы. Өнертапқыш жаңа жобасында қолданыстағы мүгедектердің арбасының барлық кемшіліктерін есепке ала отырып, өзінің жаңа үлгісін ұсынды. 


«Бүгінде оны сертификаттадық. Біздің тапсырысымызбен Қытай зауытынан өндіріліп жатыр. Ол сапалы аллюминий ерітіндісінен (ғимаратқа арналған үлгісі), болат ерітіндісінен (көше үшін) дайындалады. Бұл арбаның салмағын 18-19 келіден 8-11 келіге дейін төмендетті. Оның артқы дөңгелегін басқару мүмкіндігі қарастырылған. Арбаның шынтақ қойғышы артқа қарай жылжиды, бұл пайдаланушының кереуетке жатып, қайтадан түсуіне ыңғайлы немесе спортпен айналысу кезінде толық шешіп тастауға болады. Барлық қаптамалары алынып, салынады, жууға болады. Бір сөзбен айтқанда жаңартылған арбаны пайдалану өте ыңғайлы», – деді жоба авторы.


Өнертапқыш әуелі аздан бастаған, алдымен мүгедек таныстарының арбасын жөндеген, кейін өзінің техникалық қызмет көрсету станциясын құруды шешеді. Бастапқыда тапсырыс аз болатын, қазір станция күніне 3-4 арбаны тегін жөндейді. «Қазір бізге арбаларды тек Астанадан ғана емес, басқа да аймақтардан Қызылорда, Қостанай, Өскеменнен де әкеледі. Жақында Шымкенттің балаларын оқытып үйреттік, енді оларда сол жақтан шеберхана ашыпты. Адамдар қазір арба жөндейтін мүмкіндіктің пайда болғанына  қуанышты. Оған дейін арбасы сынып қалса үйде амалсыз отыратын. Ал қазір олар көп серуендейді, жұмысқа барады, біршама мобильді бола түсті», – деді Ардақ.


Бұдан басқа, Ардақ бос уақытында арбада отырып билеумен айналысады. Онысы табыссыз емес, себебі ол бірнеше рет халықаралық чемпионаттың жүлдегері атанған. Өнертапқыштың тағы бір тілегі – инва-туризмді дамыту, ол Қазақстанда туристік бағыттың мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолжетімді болғанын қалайды.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz