Үздіктерге арналған марафон

Астанада алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Астана - Алматы» марафоны басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Шара биыл алғаш рет өткізіліп, оған Астана, Қарағанды, Балқаш, Сарышаған, Ақсуек, Қаскелең және Алматы қалалары қосылады.

Марафонды ҚР ІІМ, Астана әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы, Атамекен ҰКП және Қазақстан құрылысшылар одағы ұйымдастырды.


Алып марафон 5 күнге созылады. Әрбір 20 шақырымды бағындырған 10 қатысушы эстафетаны келесі марафоншыға табыстайды.  

«Шара әрбір қазақстандықты өз мақсатына жетуге шақырады», - дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.


Жарысқа марафоншылар мен ультрамарафоншылар қатысып жатыр. Олардың әрқайсысының 20-30 марафоншысы бар.  «Ауа райының қолайсыздығы – кедергі емес.

Суықта да, ыстықта да жүгіруге болады. Ол қажет те. Күн өткен сайын спортпен айналысатын, жүгіретін адамдар саны көбейіп келеді. «Астана Алматы»  марафонына қатысу – өзіңнің шыдамдылығыңды сынап көрудің мүмкіндігі. Барлық қазақстандықты спортпен, жеңіл атлетикамен, жүгірумен айналысуға шақыру үшін басқарлаға үлгі болмақпыз», - деді ол.


Онымен Астана қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев те келіседі. 

«Бұл шара Қазақстан азаматтарының өз-өзін күтуге, салауатты өмір салтын ұстануға дайын екендігін көрсетеді. Сондай-ақ ол табиғаттың сын-тегеуріндеріне біздің қаншалықты шыдамды екенімізді меңзейді. Жүгіретін марафоншылар қыста да спортпен айналысуға болатындығын көрсетеді. Бүгін жастар ұйымдарының, жастар қозғалысының белсенділері қатысып, Қазақстан жастарының саламатты өмір салтын таңдайтындықтарын, өзгелерге үлгі болуға дайын екендіктерін айтып жатыр», - деді ол.  


Марафоншылардың өздері айтпақшы, мұндай шараға қатысу – адам мүмкіндігінің шексіз екендігін көрсетудің тағы да бір ыңғайлы жағдайы.    «Астананың спортшылары ең мықты. Бұл марафон соның қосымша дәлелі», - деген Азия, Африка, Австралия және Американың ірі шөл далаларын жалғыз жүгіріп өткен марафоншы Марат Жыланбаев барлығына сәттілік тіледі.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz