Улы газдан сақтан

Сарыарқа ауданы ТЖ басқармасы осы күндері өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша акция өткізуде. Астана қалалық әкімдігі ресми сайтының тілшісі үйлерін көмірмен жылытатын тұрғындардың қандай қателіктерді жиі жіберетінін және қатерлі қауіптен қалай қорғану керектігін біліп қайтты.


Улы газ. Оның салдарынан уланып қалу өте қауіпті, соңы өлімге әкеп соғуы мүмкін. Бұл заттың тағы бір жаман жері, оның не түсі, не иісі болмайды.  Қатты уланып қалған адам өліп кетуі де мүмкін.

Өткен жылы Сарыарқа ауданында құтқарушылар газдан уланудың 16 оқиғасын анықтады. Ал осы жылы көрсеткіш төмендеген: қаңтар-қараша аралығында осындай 10 жағдай тіркелді.


Қараша айында «Улы газдан абай болыңыз» атты акция басталды. Одан басқа, жыл сайын қыркүйектен сәуірге дейін ақпараттық-профилактикалық шаралар жүргізіледі.

Бүгін Сарыарқа ТЖ комитетінің есебінде 11 700 үй тұр. Мамандар оның 8 мыңын аралап шықты. Жеке үйлерде тұратын тұрғындарға ақпараттық буклеттер таратылып, пештері мен электр құралдары, түтін шығаратын мұржалары тексерілді.


«Барлық үйлерді аралаймыз, нұсқаулықпен таныстырамыз. Пештің жағдайын мұқият қарап шығып, нұсқаулықтар бойынша пешті қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсетеміз. Қазан айына дейін үйлерді күн сайын араласақ, қазір апта сайын аралаудамыз», - деді тілшіге Сарыарқа ауданы ТЖ басқармасының маманы Саят Абишев.


Газбен уланып қалудың негізі себебі байқаусызда, тұрғын үйлерде газ шаруашылығы мен жылыту пештерін пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау болып табылады. Орны түзелмес қателікті болдырмас үшін тұрғындар өздерінің пештері мен қазандығының жағдайын бақылап, пештер мен қазандықтың түтін шығатын мұржасын тазалап, профилактикалық тексерістен өткізіп тұруы қажет. Пешке от жағарда түтін шығатын жапқышты қатты бітеп қоюға болмайды. Ондай жағдайда түтін шықпай қалады да, үйдің ішінде улы газ толып, соңы улану мен адам өліміне әкеліп соқтырады. 


«Кейде біз әңгімелесу жүргізгеннен кейін де, адамдар сол бір қателікті қайталап жасап жатады. Адамдар көбіне біз берген жадынамаларды тастай салады, оның ішінде не жазылыпты деп оқып та шықпайды. Күтпеген оқиғалар көбіне пешке от жаға алмайтын пәтер жалдаушылардың кесірінен шығып жатады», - деді С. Абишев.

Құтқарушылар ескертеді: жылыту құралдарын дұрыс пайдаланудың арқасында сіз өзіңізді және айналаңыздағыларды күтпеген қауіптен құтқара аласыз. Құрқарушылардың айтқан кеңестері мен таратқан ақпараттарына атүсті қарамай, оқып шығыңыздар. Ең бастысы, жылыту құралдары бұзылып қалса, дер кезінде жөндеп, қауіптің алдын алыңыз.


Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz