Қазақстан астанасында Жібек жолы елдеріндегі әйелдердің рөлі талқыланады
Жібек жолы елдеріндегі әйелдердің рөлі қандай? Экономикалық және мәдени диалогқа әйелдер қалай қатыса алады? Тұрақты даму мақсатына қол жеткізу үшін әлем әйелдері ынтымақтастығын қалай нығайтуға болады? Осы және өзге де мәселелер GlobalSilkRoad халықаралық конференциясының бағдарламасында талқыланады. Астанада Тәуелсіздік сарайында 2018 жылдың 2 шілдесінде «Әйелдер – Жібек жолының көшбасшылары» тақырыбы арқау болатын дөңгелек үстел өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қытай, АҚШ, Үндістан, Норвегия, Италия, Ресей, Украина, Қырғызстан және Қазақстанның серіктестері ғылым, бизнес, мәдениет, қоғам сияқты салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізген әйелдер бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді талқыға салады.
Кездесуді «Этостудия InkarSezim» қоғамдық қорымен, «Women of Kazakhstan Magazine» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп, G-Global халықаралық хатшылығының қолдауымен «Expo&Women» халықаралық ұйымы ұйымдастырмақ.
Қала басшылары форумы жаһандық экономиканың өзгерісі кезінде әйелдердің жетістіктері мен тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ-2030) іске асыруға қосқан үлесі ортаға салынатын жаһандық диалогтық платформаны құрудың бастапқы нүктесі болады.
Beijing EXPO-2019, Dubai WORLD EXPO-2020 шаралары аясында әртүрлі елдер әйелдерінің ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірқатар ұсыныс жасалады деп жоспарлануда.
Шара барысында атақты суретші, алтын көпірдің авторы - Шу Юн, «WE Women for EXPO» итальяндық ұйымының өкілі, E-Venti компаниясының директоры, Италиядағы «Expo&Women» ерікті ізгі ниет елшісі - Елизабетта Лафранчи, әйелдер проблемаларын зерттеулері туралы деректі фильмдерінің режиссері, Үндістандағы кәсіпқойлар конгресі комитетінің мүшесі, Qidwa үйіндегі өзінің киімдер топтамасының авторы - Yasmin Kidwai, Қазақстанның экологиялық ұйымдар ассоциациясының басқарма төрағасы – Айгүл Соловьева баяндама жасайды.
Өтетін уақыты: 2 шілде сағат 15:00-17:00, өтетін орны: Тәуелсіздік сарайы, «Астана» залы (Премиум-холл), 3 қабат.
Сонымен қатар, 1-3 шілдеде Астанада «WORLD ASIA BEAUTY» әлемдік сән және сұлулық фестиваль-жәрмеңкесінің гранд-финалына іріктеу өтеді.
Өтетін орны: 1-ші күн –Тұран 50, Grand Hall Astana, сағат 15:00, 2-ші күн – Тәуелсіздік сарайы, сағат 17:00.
2-3 шілде күні Тәуелсіздік сарайының фойесінде «Әйелдер Жібек жолының көшбасшылары» атты фотокөрме өтеді. (Көрмеге 20 жұмыс қойылады)
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz