Астанада «Поляк» қоғамдық бірлестігі өкілдері оқушылармен кездесті
Өткен жексенбі күні елордадағы № 5 мектеп-гимназиясында «Поляк» қоғамдық бірлестігі өкілдері оқушылармен кездесті. Кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығына қол қоюына 18 жыл толуына арналды.
«Елбасының жүргізіп отырған кемел саясатының арқасында біз өзіміздің салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тілімізді оқып-үйренуге мүмкіндік алып, тарихи отанымызбен тығыз қарым-қатынас жасап отырамыз. Біздің оқушылар жазғы демаластарында Польша республикасына еркін саяхат жасап, елдің көптеген аумағында болып қайтты», - деді astana.kz сайтына «Поляктар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Роговская.
Поляк қоғамдық бірлестігінің өкілдері оқушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы, Польша мемлекетінің тарихы, мәдениеті, дәстүрлері жайлы әңгімеледі.
Кездесудің мақсаты хақында әңгімелей келіп, Елена Роговская: «Біз кейінгі жасөспірімдер Ассамблея туралы, оның республика аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті, келісімде, достықта өмір сүруді негіздейтін идеясы туралы тереңірек білсе», деген тілегін білдірді. Бүгін өткізіліп отырған іс-шараның түпкі ойы да осыған үндейді.
Бас қосу №5 лингвистикалық гимназия базасында жұмыс істейтін поляк жексенбілік мектебінің оқушылары әзірлеген музыкалық нөмірлермен аяқталды.
№5 гимназия жанындағы Поляк жексенбілік мектебі 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Польшаға байланысты – оның салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы, тілі туралы польша филологиясының магистрі пани Раиса Юхневич балаларға дәріс оқиды. Ол Қазақстанға Польшадан келген. Міне, 8 жылдан бері Астанада поляк қоғамдық бірлестігінде қызмет істеп келеді.
«Сонымен қатар біз ән айтып, би фольклорымен де айналысамыз. Өйткені, ән арқылы тілді тез меңгеріп, мәдениетті шапшаң оқып-үйренуге болады. Қазір «Куявячек» би ансамблі мен «Стокротка» вокалды ансамблі бар, - деді astana.kz сайтына поляк жексенбілік мектебінің директоры пани Марина Малиновска.
Мектепте кіші (бастауыш) және Польшаның жоғары оқу орандарына оқуға түсуге дайындалып жүрген жоғары сынып оқушылар мен одан үлкен жастар қатысатын орта топ бар. Директордың айтуынша, мектепке барлығы 100-ге тарта оқушы қатысады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz