Елордалық спортшылар Дубайда өткен халықаралық турнирде 11 алтын медаль жеңіп алды
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубайда 9-10 шілде күндері джиу-джитсудан халықаралық турнир өтті. Әлемнің 15 елінен мыңнан аса спортшы «GI» және «NO GI» бойынша бақ сынады. Байрақты бәсекеде елордалық спортшылар қарсылас шақ келтірмей, 11 алтын, 1 күміс 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Джиу-джитсудан Нұр-Сұлтан қаласының аға жаттықтырушысы Арманжан Рузахунов спортшылардың нәтижесіне өз бағасын берді.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың дайындығы да көңіл қуантты. Нұр-Сұлтан қаласынан барған 11 спортшымыздың бәрі жүлделі болды. Бұл біз үшін өте үлкен көрсеткіш», – деді Арманжан Рузахунов.
Дүбірлі додада ұлттық құрама мүшелері Ислам Мамилов (77 кг) пен Галина Дуванова (55кг) өз салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақса, Нұржан Батырбеков «NO GI» санатында бірінші орын, ал «GI»-да екінші орын алды.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында ұлттық құрама мүшелері Әлібек Абулхайыр (60 кг) мен Томирис Бекмурзина (52 кг) жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды.
Арман Сатыбалдин (62 кг), Асхат Нұргажинов (77 кг), Азамат Истамбеков (69 кг), Әсел Адамова (55 кг), Рүстем Каримов (85 кг), Абдурахман Самарханов (66 кг) жеңімпаз атанып, әнұранымызды асқақтатса, Адамбек Нариманов 94 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары халықаралық бәсекеде құрама қоржынына 13 медаль салып, ел мерейін үстем етті.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz