«Астана таңдауы» байқауының тәрбиелік мәні зор
«Астана
таңдауы» байқауы - біздің қаламен тікелей байланысты жандардың тарихы. Оған күн сайынғы қарапайым жанқиярлық еңбегімен елордамыздың жылнамасын
жазып, оның өркендеуіне зор үлес қосып жатқан адамдар қатысады.
«Астана-Таңдауы» байқауының өткен жылғы «Энергетик» аталымы бойынша жеңімпазы Сергей Алексеев қаламыздың көркеюіне бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген маман. Ол 30 жылға таяу уақыттан бері қаланың электрмен жабдықталуына атсалысып келеді. Өткен жылы байқауда жеңіске жетуі оны ойламаған жерден қуанышқа бөледі. Өз әріптестерінің «Озат энергетик» атағын беруі туралы astana.kz сайтына Сергей Алексеевич әңгімелеп берді.
Сізді мұндай атаққа кім ұсынды деп ойлайсыз?
Менің ойымша, шешімді «АстанаЭнергоСервис» кәсіпорнының жоғары басшылары қабылдады. Әрине, естіген кезде мен толқыдым, жауапкершіліктің де мол екенін сезіндім. Неге десеңіз, мұндай жеңіс адамға белгілі бір міндеттер жүктейді. Өзіңнің жұмысыңды бұрынғыдан да жақсы атқарып, көзге түсуің керек.
Әріптестеріңіздің сізді мойындауында қандай құпия бар деп ойлайсыз?
Менің бұл кәсіпорынның қабырғасында жастық шағым өтті. Көп жылғы еңбегімнің нәтижесі болды ғой деп ойлаймын. Мен ешқашан атақ-даңқ үшін жұмыс істеп көрген жоқпын. Тек өз жұмысымды барынша адал атқаруға тырыстым. Естіген кезде ұжымым шын жүректен қуанып, құттықтады. Ешқандай көре алмаушылық туралы әңгіме болуы мүмкін емес.
Байқауда жеңіске жеткеннен кейін өміріңізде қандай да бір жаңа жетістіктер болды ма?
Біз өз жұмысымызда белгілі бір табысқа қол жеткіздік. Осының өзі маңызды. Биылғы жылы біз 220 киловольт «Батыс» шағын стансасын іске қостық. Бұл біздің қаламыздағы бірінші және маңызы зор нысан. Шағын станса бізге осы кезеңде ешқандай апатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Мен бұны біздің кәсіпорынның жеңісі деп санаймын. Кейбір қиындықтар болды. Бірақ біз одан шығудың жолдарын таба білдік.
Байқау туралы не айтасыз, биылғы жылы біреуді таңдауға атсалысасыз ба?
Байқау туралы пікірім өте жоғары. Бұл тәрбиелік мәні өте зор үдеріс. Бұрын кез келген қалада құрмет тақтасы болатын. Онда өзінің қаласының дамуы үшін салмақты үлес қосқан адамдардың суреттері ілініп тұратын. Бұл жас ұрпақ тәрбиесі үшін де, жас мамандарға үлгі алу үшін де таптырмайтын қолдау дер едім. Адам өмірдегі жолын дұрыс таңдауы үшін оған бағыт-бағдар көрсету ауадай қажет. Өзім кімді таңдайтындығымды әлі шеше қойған жоқпын.
Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары!
Егер сіздің таңдауыңыз болса, мына мекен-жайға: 010000, Астана қ, Бейбітшілік к-сі, 25 үй, 401 кабинет; немесе astana-tandauy-2013@mail.ru электронды поштасына жазыңыз. Барлық мәселелер бойынша 8 (7172) 910-842, 910-845 (факс) телефондарына хабарласуға болады.
Негізгі мамандықтың үздік өкілдері – «Педагог», «Қоғамдық көлік жүргізушісі», «Учаскелік инспектор», «Дәрігер», «Энергетик», «Жолшы» және «Құрылысшы» іздестірілуде. Сауалнама-өтінім қабылдау 2013 жылдың 1 наурызынан басталып, 31 мамырына дейін жалғасады. Дауыс беру 1 маусымда басталады. Байқау қорытындысын Астана күні қарсаңында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов жариялайды.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz