Ғалым Әлкей Марғұланға арналған көрме Астанада ашылады
Академик, ірі ғалым Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылығына
арналған көрме 5 сәуір күні елордада Тәуелсіздік сарайында ашылады. Бұл
туралы astana.kz сайтына Тәуелсіздік сарайы қызметкерлері мәлім
етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме өткізудегі мақсат – өскелең жас ұрпаққа ұлы ғалымның еліміздің тарихы мен этнографиясы саласындағы мол мұрасын жеткізіп, оларға рухани тәрбие беру болып табылады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қаз КСР ҒА академигі Әлкей Марғұлан асқан дарынды ғалым болуымен қатар, этнография, шығыстану, тарих, әдебиеттану, өнер саласында аянбай еңбек еткен ұлт жоқтаушысы болды. Сонымен бірге, Әлкей Марғұлан – қазақстандық археология мектебінің негізін салушы болып саналады.
2004 жылы Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілді. 2005 жылы елордадағы №40 орта мектепке ғалымның аты берілді. Ал 2006 жылы осы мектепте оның мұражайы ашылды. Академиктің қызы Данель Әлкейқызы мұражайға әкесінің бірқатар жәдігерлерін тапсырған.Тәуелсіздік сарайында өтетін көрме материалдары мектеп мұражайынан алынды, - дейді ұйымдастырушылар.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz