Нұрғиса Тілендиев атындағы фестивальдің жеңімпазы 1 млн 200 мың теңге алады
Нұрғиса Тілендиев атындағы фестивальдің жеңімпазы 1 млн 200 мың теңге алады. Бұл туралы
Астанада бүгін ашылуына байланысты Нұрғиса Тілендиев атындағы» Өз елім» ІІІ
музыкалық фестивалінің ұйымдастырушылары өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім
етілді.
«Әр фестивальдің өз орны бар, біз халықаралық деңгейге шығуға тырысамыз. Соның ішінде жүлде қорында соған сәйкестендіргіміз келеді. Фестивальдің ең дарынды қатысушысы Астана әкімінің Кубогы мен 1 млн 200 мың теңге, Гран-при иесі - 800 мың теңге алады», - деді Астана Мемлекеттік филармониясының бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов.
Бірінші орынға – 600 000 теңге, екінші орынға - 300 000, ал үшінші орынға - 150 000 теңге тапсырылады.
«Өз елім» фестивалі Қазақстанның түкпір-түкпірінен 76 маман вокалшыны, домбырашы мен дирижерды жинады. Байқау төрт аталым бойынша, екі турда өтеді. Олар: «Ерлердің классикалық вокалы», «Әйелдердің классикалық вокалы», «Домбыра» және «Дирижерлер байқауы». Байқауға қатысушыларға құрамына КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, тағы басқалар кіретін құзіретті қазылар алқасы төрелік етеді.
Қазылар алқасының құрамына көңіл бөлген боларсыз. Олар Нұрғиса Тілендиевпен 30-40 жыл жұмыс істеген, оның шығармашылығымен жете таныс тұлғалар. Мысалы, Нұрғали Нүсіпжанов сазгердің барлық әндерін орындаған. Іріктеу қатаң түрде өткізіледі. Гала-концертке өткен байқаулардың лауреаттары қазылар алқасының мүшелерімен бірге бір сахнада өнер көрсетеді. Бұл лауреаттар үшін ерекше сыйлық болмақ. Өйткені мұндай бақыт оларға күн сайын бұйыра бермейді», - дейді С.Әбдірахманов.
Фестиваль құрылтайшылары – Астана әкімдігі, Мәдениет басқармасы, ұйымдастырушылар – Астана әкімдігінің Мемлекеттік филармониясы.
Фестиваль 29 наурызда Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залдарында басталады. Басты оқиға 1 сәуір күні сағат 19.00-де «Қазақстан» концерт залында фестиваль лауреаттарының қатысуымен өтетін Гала-концерт болмақ.
Нұрғиса Тілендиев сазгер, дирижер және шебер орындаушы ретінде қазақ музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлға. Ол 500-ден астам музыкалық туындылардың авторы. Нұрғиса Тілендиевтің әндері, күйлері, романстары, увертюралары, поэмалары, кантаталары, опералары және балеттерінің көпқырлылығы тамашалаған жанды таңдай қақтырады. Оның әндерінің, күйлерінің, романстарының, кантаталарының басым бөлігі халық аузында. Сазгер 40 спектакльге және 20-дан астам кинофильмге ән жазды.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://109.astana.kz